Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан полицейлері шымкенттік ұрыны құрықтады

Түркістан облысының полицейлері тұрғын үйге заңсыз кіріп, қомақты ақша ұрлаған шымкенттік азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Келес ауданының ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі ұрлық фактісі бойынша арызданған. Оның айтуынша, белгісіз біреулер түнгі уақытта үйіне терезе арқылы кіріп, жатын бөлмеде жасырын тұрған 300 мың теңге ақшасын жымқырып кеткен. Аталған жайтты полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен (Ұрлық) тіркеп, іздестіру жұмыстарын бастап кетті.

Нәтижесінде келестік тәртіп сақшылары кезекші тәулік ішінде күдікті деп танылған жас жігітті анықтады. Тергеу барысында күдікті азаматтың Шымкент қаласының тұрғыны екендігі белгілі болды. Сондай-ақ полицейлер күдікті азаматтың ұрлықты жоспарлы түрде жасағанын айтты. Ол ұрланған ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап жіберген.

Қазіргі таңда күдікті өз кінәсін толық мойындады. Бүгінде күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы полицейлері тауарлық-материалдық құндылықтар сақталатын үй-жайларға бейнебақылау камерасын және терезелерге металл тор орнатуға кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру