СҚО-да пәтер ұрысы күміс бұйымдар мен вискиді қолды қылды
СҚО Қызылжар ауданында бөтен біреудің пәтеріне заңсыз кірген ұры үй иелерінің әшекей бұйымдары мен вискиін алып кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО Қызылжар ауданының тұрғыны пәтеріне ұры түскені туралы полицияға хабарлаған. Пәтер иелерінің жоқтығын пайдаланған белгісіз біреу үйге терезе арқылы кірген. Ол пәтерден құны 30 мың теңге тұратын күміс бұйымдар мен 40 мың теңге тұратын вискиді қолды қылған.
Полицейлер дереу жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырды. Әккі ұры барынша із қалдырмауға тырысқан, осылайша ол өзінің мұндай қылмыспен бұдан бұрын да айналысқанын көрсеткен. Тәртіп сақшылары осыған ұқсас қылмыстар жасағаны үшін істі болғандарды тексеру кезінде Петропавл қаласында тіркелген 33 жастағы азаматты анықтады. Ол пәтер ұрлығы үшін жазасын өтеп, өткен жылдың қазан айында бас бостандығынан айыру орнынан босап шыққан.
Аталған факт Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша тіркелді. Күміс бұйымдар алынды және тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін иелеріне қайтарылатын болады.
– Бүгінгі таңда аудан полицейлерінің есептерінде бұрын түрлі қылмыстар жасағаны үшін сотталған 29 адам бар, олардың біреуі әкімшілік бақылауда, бақылау бұрын сотталған, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға қатысты белгіленеді. Есептегі адамдардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу үшін олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі, – деп атап өтті Қызылжар ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Петр Климов.