Түркістан полицейлері 2000 астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады
Түркістан қалалық ПБ-ның полиция қызметкерлері күн сайын жүргізушілердің және басқа да жол қозғалысына қатысушылардың жол қауіпсіздік ережелерін сақтауы бойынша алдын алу іс-шараларын өткізуде, – хабарлайды Polisia.kz порталының тілшісі.
Бұл шаралар ең алдымен жүргізушілер арасында жүргізу мәдениетін және азаматтардың қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау мәдениетін арттыруға бағытталған. Тәжірибе көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының ауыр зардаптарға әкеп соқтыратын себептерінің бірі жүргізушілердің жол ережелерінің талаптарын өрескел бұзуы болып табылады.
Жалпы Түркістан қаласы аудан орталығынан облыстық маңызы бар қалаға және екі миллионға жуық халқы бар облыс орталығына айналды. Сонымен қатар, қасиетті қалаға саяхаттаушы туристер мен зиярат жасап келушілер ағыны артып, полицияның қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерін одан әрі ұлғайтты.
Сонымен, ағымдағы жылдың 1-10 қаңтар аралығында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласының ПБ -ның полиция қызметкерлері күндізгі және түнгі рейдтік іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары 1883 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 1614 жол қозғалысы ережелерін сақтау және 269 қоғамдық тәртіпті бұзу. Айыппұл тұрағына 156 тәртіп бұзушының автокөлігі қойылды.
Мәселен, полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша мас күйінде басқарғаны үшін 5 жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бір құқық бұзушы қарсы қозғалыс жолағына шыққан және тағы бір жайт көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралын жүргізгені үшін жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың жол жүру ережелерін бұзғаны үшін 164 адам жауапкершілікке тартылды.
Рейдтік іс-шаралар барысында ювеналды полиция қызметкерлері түнгі уақытта үйден тыс жерде ата-анасының еріп жүруінсіз жүрген 39 кәмелет жасына толмағандарды анықтады. Тәртіп сақшылары ұсақ бұзақылық жасаған 55 адам және қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішкені үшін 11 адамды анықта ды.
Сонымен қатар, 10-11 қаңтар аралығында профилактикалық шараларын өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы қатысушыларының ЖҚЕ сақтау мақсатында полицейлер 449 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 2 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 30-дан астам автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.
Өз кезегінде, Түркістан қаласының полициясы қоғамдық орындарда тәртіпті қамтамасыз ету және жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша осындай профилактикалық және рейдтік іс-шараларды одан әрі жиі өткізіп тұруды көздеп отыр.