Түркістан полицейлері екі бірдей тұрғыннан есірткі тапты
Түркістан полицейлері екі бірдей тұрғыннан есірткі тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық ПБ-ға жергілікті екі тұрғынның есірткі сақтап жүргендігі туралы хабарлама келіп түскен.
Полиция қызметкерлері күдіктіні іздеуге бірден кірісті. Тәртіп сақшыларының жүргізген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, күдіктінің бірі қала орталығындағы қонақ үйлердің бірінен ұсталды. Полицейлер тексеру барысында одан сіріңке қорабына салынған өткір иісті есірткіге ұқсас затты тапты.
Ал екінші күдіктіге қатысты түскен хабарлама бойынша полицейлер тексеру жұмыстарын жүргізіп, оның тұрғылықты мекенжайын анықтады. Күдікті ер адамның үйін тінту барысында ақ түсті қағазға оралған есірткі затына ұқсас зат табылып, тәркіленіп алынды.
Полиция қызметкерлері аталмыш жайттарға байланысты күдіктілерден алынған заттарды арнайы сараптамаға жібереді. Сараптама қорытындысына сәйкес, қонақ үйдегі күдіктіден табылған зат жалпы салмағы 1 грамға жуық “кептірілген марихуана”, ал келесі күдіктінің үйінен табылған зат та 1 грамнан астам “кептірілген марихуана” екендігі белгілі болды.
Қазіргі таңда орын алған оқиға ҚР ҚК-нің 296-бабымен, яғни (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.