Түркістан полицейлері екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізушіні қамауға алды
Түркістан полицейлері екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізушіні қамауға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруда. Осындай кезекті шара барысында тәртіп сақшылары ішімдік ішіп, көлік басқарған жүргізушіні анықтады.
Полицейлер түскі сағат 15:00 шамасында жол ережелерін өрескел бұзып келе жатқан ВАЗ-2106 автокөлігін тоқтатады. Оны тексеру кезінде тәртіп сақшылары жүргізушінің мас күйіне күдіктенді.
Сонымен қатар автокөлік иесінің құжаттарын тексеру барысында бұдан алдын да мас халде көлік басқарғаны үшін 7 жыл мерзімге автокөлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Осыған қарамастан екінші рет алкогольдік масаң халде көлік басқаруына күдіктенген полиция қызметкерлері оған қатысты медициналық сараптама тағайындады. Куәландырудың қорытындысына сәйкес, жүргізушінің есірткілік масаң халде екендігі анықталды.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚК 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.