Түркістан полицейлері тұрғындардың үйіне ұрлыққа түскен күдіктілерді ұстады
Түркістан полицейлері тұрғындардың үйіне ұрлыққа түскен күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын ер адам арызданып, күндізгі уақытта оның үйіне белгісіз тұлғалар кіріп, алтын бұйымдарының ұрланғанын хабарлады. Жәбірленушіге 1,3 млн теңге шығын келген. Ұрлықты ашу мақсатында полиция бөлімінде жедел-тергеу тобы құрылып, полицейлер тез арада күдіктіні ұстауға кірісті.
Тәртіп сақшылары қылмыс орнындағы іздерді мұқият тексеріп, куәлардан жауап алып, басқа да қажетті барлық шараларды жүзеге асырды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдікті ретінде екі ер азаматты ұстады. Олар Отырар ауданы мен Алматы қаласының бұрын сотты болған тұрғындары болып шықты.
Тексеру барысында күдіктілер үй иесінің жоқтығын пайдаланып, жәбірленушінің үйіне терезе арқылы кіріп, жатын бөлмедегі құнды заттарды ұрлап кеткен. Ұрланған алтындарды ломбардтарқа өткізіп, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Сондай-ақ күдіктілердің дәл осылай тағы бір тұрғынның үйіне терезе арқылы еніп, қылмыс жасағанын анықтады.
Тәртіп сақшылары қолды болған алтындарды тәркілеп, заңды иесіне қайтарды.
Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жэатыр.