Түркістан полицейлері зейнет жасына дейін бірнеше есіммен жүрген әйелді құжаттандыруда
Түркістан полицейлері зейнет жасына дейін бірнеше есіммен жүрген егде жастағы әйелді құжаттандыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында ҚР азаматтарының құжаттарын рәсімдеу немесе азаматтығы жоқ тұлғаларды куәландыру үшін мәртебесі реттелмеген адамдарды анықтау мақсатында үнемі жұмыстар атқарылып келеді. Осы тұста Келес ауданында құжатсыз тұрып жатқан егде жастағы әйел анықталып, оның жеке басын анықтайтын жеке куәліктерін аз уақыт ішінде дайындап, табыс ету шаралары іске асырылуда. Атап айтқанда, азаматтығы жоқ тұрғын Нұржамал Анарханқызының 2021 жылы мамыр айының 26-сы күні КСРО құжатымен жүргені анықталып, тұрғыннан арыз алынып, құжаттандыруға қатысты жұмыстар жүргізілген. Содан жинақталған іс құжаттар 26.06.2021 жылы ХҚКО-ға заңға сәйкес жолданған. Алайда егде жастағы тұрғынның уақтылы құжаттануына, оның осы уақытқа дейінгі құжаттарында аты-жөні, тегі 2-3 түрлі болғаны кедергі болған. Яғни, ЖСН берілу үшін оның туу туралы куәлігі тексеріледі. Ал тұрғынның туу туралы куәлігінің актілік жазбасында аты-жөні мүлде басқаша көрсетілген. Осыдан соң неке қию туралы куәлікті тексергенде онда да басқа деректер жазылған. Ескерте кетер жайт, тұрғын өзі зейнет жасына жеткесін, КСРО кезіндегі құжатын ауыстыруға ниеті болған. Оған дейін, яғни 2021 жылға дейін ешқандай мекемеге көмек сұрап бармаған. Ескі құжатпен жүре берген.
Полицейлер бұл жағдай бойынша жан-жақты жұмыстарды атқарды. ТО ПД бастығы М.Қабденов бұл мәселені бірден жеке бақылауына алды. Мәселенің шешілуіне қатысты тиісті құзырлы органдармен бірлесе құжаттандыру бойынша жұмыстары жүргізілді. 63 жастағы тұрғын ХҚКО-ға қайта шақырылып, ҚР жеке куәлігімен құжаттандырылды. Бүгінде жинақталған құжаттар ҚР Көші-қон комитетіне жолданды. Осылайша қысқа мерзім ішінде тұрғынның құжаты заң аясында заңдастырылуда. Өз кезегінде тұрғын полицейлерге қатысты арыз-шағымы жоғын жеткізіп, генералға алғысын білдірді.