Түркістан қаласының полицейлері дүкенде ұрлық жасаған әйелді ұстады
Түркістан қаласының полицейлері дүкенде ұрлық жасаған әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, азық-түлік сататын дүкенінен бірнеше заттарының ұрланғанын айтып арызданады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, мереке қарсаңында оның дүкеніне келушілер саны көптеп келген. Сондықтан нақты ұрлықты кім жасағанын анықтау қиынға соққан. Алайда дүкендегі бейнекамералардан белгісіз әйелдің күмәнді іс-әрекеттері көрінген. Бұл жайт өңірлік полицейлермен ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынып, күдіктінің түр-тұлғасын анықтауға байланысты жұмыстар жүргізіледі. Шығын көлемі алты мың теңгеге жуық. Десе де полицейлер шығын аз болса да, қылмыс орын алғаннан соң, оны ашу міндет деп санайды. Сондықтан күдіктіні анықтап ұстауға бағытталған жұмыстарды дер кезінде атқарады. Оқиға орнына шұғыл жедел-тергеу тобы келіп, тексеру жұмыстарын іске асырды. Полиция қызметкерлері дүкен иесінен, куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камераларын мұқият тексеріп шықты.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан қаласының полицейлері бірнеше азық-түліктерді ұрлаған жергілікті тұрғын болып шыққан күдікті әйелді ұстады.
Тергеу барысында анықталғандай, ол дүкенге келіп, сөмкесіне жасырын түрде қажетті заттарды жымқырып, салып, кассирге байқатпастан дүкеннен алып шыққан.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және мүлкін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Дүкендерде және басқа сауда орындарында бейнебақылау камералары мен күзет дабылы орнатылуы қажеттігін естен шығармаңыздар.