Түркістан тұрғынының зейнетақысын жымқырған күдікті ұсталды
Түркістан тұрғынының зейнетақысын жымқырған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын ұрлық туралы арызымен жүгінді. Ер адамның айтуынша, оның туысының зейнетақы картасынан белгісіз жағдайда ақша алынып, 900 мың теңге көлемінде шығын келген.
Бұл жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді.
Қылмысты ашу мақсатында түркістандық тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бөтеннің мүлкін ұрлаған күдіктінің жеке басы анықталды. Тәртіп сақшылары күдікті әйелді басқармаға жеткізді. Ол облыс орталығының тұрғыны болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің жеке деректерін пайдаланып, оңай пайда табу мақсатында оның шотынан заңсыз ақша алған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы анықталады.