Түркістанда 2 млн теңге ақша алып беремін деп алаяқтық жасаған әйел ұсталды
Түркістанда 2 миллион теңге ақша алып беремін деп алаяқтық жасаған әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, оның танысы қайтарымсыз 2 млн теңге ақша алып беремін деп әбден сеніміне кірген. Осылайша жәбірленушіден қызметі үшін 400 мың теңге ақша алып, алдап кеткен. Содан бері бір жылдан аса уақыт өтсе де, ақшаны алған әйел уәдесін орындамаған.
Хабарлама келіп түскен бойда облыс орталығының тәртіп сақшылары жедел әрекет етті. Олар қылмысты ашуға бағытталған қажетті жұмыстарды жүзеге асырды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қылмысқа қатысы бар күдікті, яғни жергілікті тұрғын, жұмыссыз әйел анықталды. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеріп, күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.
Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.