Түркістанда банк қызметкері тұрғынның атынан заңсыз несие рәсімдеген
Түркістан облысының полицейлері бес миллион теңгені алаяқтық жолмен алған деген күдікпен банк қызметкерін ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласы ПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйел өз арызында бейтаныс азаматтың өз атынан заңсыз несие рәсімдегенін айтқан. Аталған жайтты полицейлер ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
Орын алған алаяқтық қылмысын тез арада ашып, күдіктіні құрықтау мақсатында қаланың қырағы полицейлерінен арнайы топ құрылып, жұмыс жасады. Нәтижесінде полицейлер, күдікті деп танылған жергілікті тұрғынды ұстады.
Белгілі болғандай орта жастағы күдікті азамат бұған дейін банк қызметкері болып жұмыс жасаған. Яғни полицейлер күдіктінің осыдан төрт ай бұрын банкке несие алуға келген жәбірленушінің атынан заңсыз бес миллион теңге рәсімдегенін анықтады. Ал ақшаны күдікті деп танылған бұрынғы банк қызметкері өз пайдасына жұмсаған.
Бүгінгі таңда тәртіп сақшылары күдіктінің осындай алаяқтық жайттарына қатыстылығын тексеруде. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан полицейлері облыс тұрғындарына кез-келген құжатқа қол қоймас алдын жақсылап қарап, мұқият зерттеп барып әрекет жасауға кеңес береді.