Түркістанда ер адам ауылдасының жылқысын ұрлап кетті
Түркістанда ер адам ауылдасының жылқысын ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, белгісіз тұлға оның жайылымда арқандаулы тұрған құны 700 мың теңге болатын бір бас биесін ұрлап кеткен. Оны жәбірленушіге көршісі хабарлаған. Яғни, ауылдағы малдарды жақсы танитын ауылдасы жылқыны бөтен біреу жетектеп бара жатқанын көріп қалып, иесіне дереу ескерткен. Хабар алысымен арызданушы тұрғын, полицейлерден көмек сұрады.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алынды.
Тұрғынның жайылымда қараусыз тұрған малын жымқырған күдіктіні ұстау мақсатында полицейлер оқиға орнына бірден жетті. Тәртіп сақшылары куәгерлерден жауап алып, сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Осылайша жан-жақты дұрыс бағытта жүргізілген жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде ұры небары тәулік ішінде ұсталды. Ол орта жастағы азамат жергілікті тұрғын болып шықты.
Күдікті жеңіл жолмен пайда табу мақсатында биені ұрлағанын мойындады. Яғни, ол қараусыз жүрген жылқыны көріп, өз пайдасына жаратпақ болған. Алайда ауыл тұрғынының мал иесіне бірден хабар беруі, полицейлердің кәсіби шеберлігі нәтижесінде ұры ойға алған ісін жүзеге асыра алмады. Жылқы айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.