Түркістанда ІІО ардагері блок-бекетке келіп, полицейлерге қолдау білдірді
Түркістанда ІІО ардагері блок-бекетке келіп, полицейлерге қолдау білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер саласына өмірінің 30 жылын арнаған Құдияр Ибраев бүгін Түркістан қаласындағы “Ынтымақ” блок-бекетіне келді. Ішкі істер саласының ардагері, еліміздің басына түскен қаралы күндері орын алған қақтығысқа байланысты күштік құрылымдарға қызметтері үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ қызмет бабында жинаған тәжірибесімен бөлісіп, ізін жалғастырушы жас полицейлерге, әскерилерге осындай қиын сәтте сабырлылық таныту керектігін баса айтты.
– Полицей – елін сүйген нағыз қызметкер. Полицейлердің мәртебесін көтеру қажет. Олардың уақытпен санаспай, елдің амандығы үшін атқарған жұмысын бағалау керек. Осы тұста айта кетсем, Түркістан халқына, полицейлеріне үлкен рақмет! Өйткені 2022 жылдың басында жан-жақта дүрбелең болып жатқанда, тыныштықты сақтаған осы өңір. Бұл тұрғыда полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков бастаған ТО ПД жеке құрам қызметкерлерінің жедел әрекеті екені даусыз. Сондықтан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – деп атап өтті зейнеткер.
Өз кезегінде блок-бекеттегі полицейлер ардагердің қолдауына ризашылықтарын жеткізіп, ел сенімін ақтауда мінсіз қызмет атқаратындарын жеткізді.