Түркістанда пәтер ұрысы 2 жылға бас бостандығынан шектелді
Түркістанда пәтер ұрысы 2 жылға бас бостандығынан шектелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын пәтер ұрлығы туралы арызданған. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, оның үйіне терезе арқылы белгісіз біреу кіріп, 1,1 млн теңге ақшасы мен 100 АҚШ долларын ұрлап кеткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.
Ұрлықты ашу мақсатында кентаулық тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қажетті іс-шаралар кешенін жүргізіп, жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәлардан сұрастырды, сондай-ақ бейнебақылау камераларын тексерді.
Кентау ҚПБ-ның қызметкерлері екі күн бойы тыңғылықты жүргізілген істің нәтижесінде, аталған іске күдікті ретінде жергілікті тұрғынды құрықтады.
Белгілі болғандай, үй ұрысы жәбірленушінің үйінде ешкім жоқ екеніне көз жеткізіп алған. Содан кейін терезе арқылы тұрғын үйге кіріп, ақшаны ұрлап кеткен. Сондай-ақ күдікті жымқырған ақшаны бас пайдасына жаратқан. Қазіргі таңда орын алған оқиғаға қатысты іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Кентау қалалық сотының шешімімен 24 жастағы күдікті азамат ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.