Түркістанда полицейлер студенттерге «синтетиканың» зияны туралы айтты
Түркістанда полицейлер студенттерге «синтетиканың» зияны туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткінің зияны және олардың салдары туралы біліп, оны түсіну есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыруға көмектеседі. Осы орайда Түркістан қаласы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің №2 ерлер жатақханасында студенттер арасында синтетикалық есірткінің адам өміріне төндіретін қауіпі мен оны тасымалдаудағы жауапкершілігін түсіндіру және алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шара өткізді. Шараға 368 студент қатысты.
– Есірткі қылмысының алдын алу – бұл білім беру мекемелерінің, ата-аналардың, қоғамдық ұйымдардың және жастардың бірігуін қажет ететін ортақ міндет. Біз бірлесіп қана есірткісіз сау қоғам құра аламыз, – деді Түркістан облысы полиция департаменті аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Марат Бимаханов.
Сондықтан облысымыздың полиция қызметкерлері күнделікті есірткі қылмыстарымен оның ішінде синтетикалық есірткілердің айналымымен күрес жұмыстарын күшейтіп, кинология қызметкерлерімен бірге біршама рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр.