Түркістанда үш тұрғын алаяқ әйелдің құрбаны болды
Түркістанда үш тұрғын алаяқ әйелдің құрбаны болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғанын айтып шағымданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оған танысы мемлекет тарапынан жәрдем ақы шығарып беремін деп сеніміне кірген. Содан жәбірленуші осы үшін алаяққа 100 мың теңге ақша берген. Танысы ақша алғаннан кейін әр нәрсені бір сылтауратып, уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармай, әбігерге салған. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында полиция басқармасында тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке-басын анықтап, оны ҚПБ-ға жеткізді. Ол Сауран ауданының жұмыссыз тұрғыны болып шықты.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері ұсталған әйелдің тұрғыннан алдау жолымен алған ақшаны өзінің қажеттілігіне жаратып жібергенін анықтады. Сонымен қатар осындай сылтаумен тағы да үш тұрғынды алдап, олардан 50 000 мен 150 000 теңге аралығында ақша алған. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы “келу туралы міндеттемеде”.