Түркістанда заңсыз оқ-дәрі сататын дүкен анықталды
Түркістанда заңсыз оқ-дәрі сататын дүкен анықталып, 2 мыңға жуық оқ-дәрі тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ірі көлемде заңсыз оқ-дәрілер сату, сақтау қылмысының жолын кесті.
Нақтырақ айтсақ, тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде облыс орталығында заңсыз оқ-дәрі сататын дүкенді анықтады. Жедел уәкілдер сауда дүкеніне қатысты тиісті ақпараттар жинақтап, тінту жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде күдікті ретінде оқ-дәрілерді сатып, сақтаумен айналысатын бір ер адам, бір әйел анықталды. Ал олар жұмыс жасаған дүкеннен 2 мыңға жуық оқ-дәрілер тәркіленді. Оның ішінде 990 данасы 16 калибрлі аңшылық мылтыққа арналған болса, 15 келі бытыра және бір глушитель, сонымен қатар дүкен қоймасынан 12 қорапта жалпы 925 оқ алынды. Сатушы әйелдің үйінен 9 мм VALTRO – COMBAT газдық тапанша тәркіленді.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы 4-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша тіркелді. Баллистикалық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.