Түркістандық полицей ару белбеу күресінен Әлем чемпионатында жүлдегер атанды
Түркістандық полицей ару белбеу күресінен Әлем чемпионатында жүлдегер атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz
8-11 қыркүйек күндері аралығында Өзбекстанның Наманган қаласында белбеу күресінен ерлер мен әйелдер арасында Әлем чемпионаты өтті. Бұл бәсекеде әлемнің 26 елінен 250-ден астам спортшы бақ сынады. Тартысқа толы сайыста түркістандық полицей Айнұр Ақжігітова 66 келі салмақта қола жүлдеге қол жеткізді.
Нақтырақ айтсақ, полиция қызметкері Айнұр Ақжігітова Түркістан облысы ПД жедел қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы лауазымында қызмет етеді. 10 жылдан бері спортпен шұғылданатын ару кішкентайынан полицей болуды армандаған. Бүгінде Айнұр бағы мен бабы келіскен полицей палуан.
Әлемдік, Халықаралық, республика көлемінде өткізілген спорттық жарыстардағы марапаттары мен медальдары жетерлік. Бүгінде оның қоржынына белбеу күресінің қола жүлдесі қосылды. Өзбекстан елінде өткен чемпионатта 4 қарсыласымен белдескен Айнұр жүлделі ІІІ-орынды иеленді.
– Әрбір спортшының мақсаты – Қазақстан Республикасының Көк туын көкте желбіретіп, Әнұранын шырқату ғой. Мен де бұл бағытта шаршамаймын, алар асуларым әлі алда. Өзім спортпен кәсіби түрде айналысамын, жүлделерім де аз емес. Сондықтан тәлімгерлерім, бапкерлерім, әріптестерім, жалпы облыс халқы маған сенім артады. Тартысқа түсерде жауапкершілік жүгі ауыр екенін түсінемін. Сенім білдіргендердің үмітін ақтауға жұмыс жасай беремін, – деп атап өтті Айнұр.
Айта кетейік, Наманган қаласында өткен белбеу күресінен Қазақстан құрамасы 5 алтын, 2 күміс және 8 қола медаль иеленді.