Түркістандық полицейлер алаяқ әйелді ұстады
Түркістандық полицейлер алаяқ әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып келеді. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оған жақын таныс емес азаматша «арнайы әлеуметтік көмек және кәсіпкерлікке көмек ретінде 550 мың теңге алып беремін деп» 160 мың теңгесін алдап алған. Арадан біршама уақыт өтседе ол жәбірленушіге берген уәдесін орындамаған. Содан сан соғып қалғанын түсінген тұрғын полицияның көмегіне жүгінген. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, іздестіру амалдарын бастайды.
Түркістан ҚПБ-ның полицейлері аталған жайтқа байланысты тергеп-тексеру амалдарын бастап кетеді. Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде, қалалық сақшылар алаяқтыққа күдікті әйелді анықтайды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда полицейлер күдіктінің басқа да алаяқтыққа қатысы бар-жоғын анықтауда. Бүгінгі таңда күдікті әйелдің бас шарасы «қолхатта».
Бүгінде осылай бөтеннің сеніміне кіру арқылы алдап, алаяқтық әрекеттерін іске асыратындар қатары көбейген. Түркістан облысының полицейлері осындай оңай жолмен ақша табатын талай алаяқтарды құрықтауда. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтардың арбауына ермей, кез-келген мәселені заң жүзінде шешуді ескертеді. Егерде осындай алаяқтардың қылмысына куә немесе құрбаны болсаңыз, «102» шұғыл нөміріне хабар беріңіз, өйткені дер кезінде берілген ақпарат қылмыстың тез ашылуына ықпал етеді.