Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шардара су қоймасынан заңсыз балық аулаған браконьер ұсталды

Түркістан облысының полицейлері Шардара су қоймасынан заңсыз балық аулаған браконьерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шардара су қоймасында заңсыз балық аулаған кезекті браконьер ұсталды. Тексеру барысында анықталғандай, түнде жүргізілген рейдтік іс-шаралар кезінде Шардара АПБ табиғат қорғау полициясының қызметкерлері мен су ресурстарын қорғау жөніндегі инспекторлар бірлесіп, жағалауда электротокты қармақтың көмегімен балық аулаған ер адамды байқаған. Осы сәтте күдікті ер адам полицейлердің жақындағанын көре салып, оқиға орнынан мотоциклге отырып жасырынуға тырысқан. Бірақ тәртіп сақшыларының қырағылығы арқасында браконьер бірден ұсталды.

Полиция қызметкерлері заңсыз балық аулаған Мақтаарал ауданы тұрғынынан резеңке қайық, балық аулау құралдарын және заңсыз ауланған 15 кг түрлі балық тәркіледі. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша СДТБТ-де тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны және ресурстарды заңсыз өндіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарын табиғатты қорғауға және заңдарды сақтауға шақырады. Егер сіз браконьерлік деректеріне куәгер болсаңыз немесе қандай да бір ақпаратқа ие болсаңыз, тез арада полицияға “102” нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру