Түркістандық полицейлер екпе салдырды
Түркістандық полицейлер екпе салдырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы уақытта, коронавирус инфекциясын жұқтырған қазақстандықтардың саны артуда. Осы ретте елімізде қауіпті індеттің көзін жою үшін карантин режимі қатандатылып, әртүрлі сақтық шаралары жасалып жатыр.
Түркістан ҚПБ қызметкерлері ерікті түрде коронавирусқа қарсы вакцина салдыруда. Екпені алғашқылардың бірі болып Түркістан ҚПБ тергеу бөлімінің бастығы Мұхтар Сейдилдаев және анықтау бөлімінің бастығы Сапар Турманов қабылдады.
Сондай-ақ, халықпен жиі қарым-қатынаста болатын патрульдік полиция қызметкерлері мен учаскелік полиция қызметкерлері де емханада екпе қабылдады. Олар халықпен тікелей жұмыс істегендіктен вакцина салдыруға өз еріктерімен келген.
Тәртіп сақшыларына препаратты қабылдамас бұрын талаптары мен нұсқаулықтар түсіндірілді. Дәрігерлердің айтуынша, ең бастысы, екпені салдырғаннан кейін адам міндетті түрде үш күн бойы суға түспей, күтініп жүруі керек.
Айта кететін болсақ, егу науқанында вакциналаудан өткен қызметкерлердің бүгінде жағдайы жақсы. Сонымен қатар басқа да полицейлердің вакциналаудан өтуі жоспарланған. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полицейлердің екпені дер кезінде қабылдауы да маңызды болмақ. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Ескерте кететін жайт, вакциналау жұмыстары ерікті негізде жүргізілуде.