Түркістандық полицейлер өзгенің көлігін заңсыз айдап кеткен мас халдегі ер адамды ұстады
Түркістандық полицейлер өзгенің көлігін заңсыз айдап кеткен мас халдегі ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт ауданы ПБ-ға учаскелік полиция инспекторынан хабарлама келіп түскен. Онда тәртіп сақшылары қызметтік міндеттерін атқару барысында кешкі сағат 19:00 шамасында жарық шамдарын жақпай келе жатқан Audi-100 автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында оның осы уақытқа дейін жүргізуші куәлігін алмағаны анықталды. Сонымен қатар қазығұрттық сақшылар жүргізушіні медициналық сараптамадан өткізді. Оның қорытындысы бойынша ер адамның мас екенін білді.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша көлік иесіне әкімшілік хаттама толтырып, жинақталған іс-құжаттарды сотқа жолдады.
Одан бөлек тәртіп сақшыларының кәсіби шеберлігінің арқасында күдікке ілінген ер адамның осы көлікті заңсыз айдап кеткені анықталды. Белгілі болғандай Қазығұрт ауданы Қонаев көшесінің бойында жәбірленуші азамат көлігін сыртқа қалдырып, дүкенге кірген. Осы сәтті пайдаланған мас күйдегі күдікті көлікке отырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Қазіргі таңда ҚК 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындар мен жүргізушілерді мас халде көлік тізгіндемеуге шақырады. Сонымен қатар автокөліктеріңізді бекітіп жүруге кеңес береді.