Түркістандық полицейлер тұрғынның жоғалған биелерін тауып берді
Түркістандық полицейлер тұрғынның жоғалған биелерін тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, көмектесулерін сұрады. Оның айтуынша, Зағамбар ауылындағы мал жайылымында жүрген құны 600 мың теңге болатын екі бас биесі түнгі уақытта белгісіз жағдайда жоғалған. Аяқ асты жоғалған биелерін табу үшін мал иесі полицейлерден көмек сұрады.
Аталған ақпаратты алысымен төлебилік тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетті. Осы аймақтың тау-тасын жақсы білетін полицейлер айналаны толық шолып шығып, жоғалған ірі қара малдарды табуға бағытталған барлық қажетті жұмыстарды атқарды. Сондай-ақ, үй малын таситын автокөліктерді тексерді. Осылайша іздестіру жұмыстары 20 күн бойы үзіліссіз жүргізілді. Соның нәтижесінде, жоғалған биелер жеті шақырым жердегі жайылымдық жерден табылып, иесіне қайтарылды.
Осы орайда малдарының табылғанына қуанған тұрғын полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын жеткізді.
– Түнгі уақытта биелерімді жоғалтып алдым. Өз бетімше іздеп таба алмадым. Содан соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгіндім. Олар барлық күшті жұмылдырып, малдарымды тауып берді. Тәртіп сақшыларына үлкен рақмет, – деді тұрғын.