Түркістандық полицейлер заңсыз 25 келі сазан балығын аулаған браконьерлерді ұстады
Түркістандық полицейлер заңсыз 25 келі сазан балығын аулаған браконьерлерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес ауданы ПБ-нің кезекші бөліміне табиғатты қорғау инспекторы таңғы сағат 05:00 шамасында Сырдария өзенінде тексеру жұмыстарын жүргізу барысында браконьерлер ұсталғаны жөнінде хабарлама жасады.
Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобының қызметкерлері екі браконьердің резеңкеден жасалған қайықтарымен электр тогын пайдаланып, заңсыз балық аулап жүргендігін анықтады. Айғақты зат ретінде браконьерлерден екі ескек пен бір резеңке қайық, насос пен сүзгіштің бір-бір данасы және жарық бергіш, ток бергіш құрылғылары алынды.
Сонымен қатар, 25 келі сазан балықтары қоса тәркіленді. Сондай-ақ, күдікті азаматтардың бірі бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.
Полиция қызметкерлері күдіктілерді істің барлық мән-жайын анықтау үшін бірден аудандық полиция бөліміне жеткізді.
Қазіргі уақытта аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.