Түркістандық полицейлер жоғалып кеткен бір үйдің екі баласын тапты
Түркістандық полицейлер жоғалып кеткен бір үйдің екі баласын тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар АПБ-ның кезекші бөліміне аудан тұрғындарының бірі екі баласының жоғалғандығы туралы хабарлаған. Яғни, жергілікті тұрғын әйел таңғы сағат 8:30 шамасында бес және төрт жастағы ұлдарын үйіне қалдырып, өзі жұмысқа кеткен. Содан көп ұзамай қайтып оралғанда балаларының үйде жоқ екенін білген.
Ұлдарын уайымдаған ана оларды өз бетінше іздеген. Алайда таба алмаған. Содан полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Отырарлық полицейлер хабар алысымен бұл жайтты дереу тіркеуге алды. Іздестіруге толық құрам жұмылдырылып, іске кірісті.
Полицейлер ауыл-аймақтағы тұрғындардан, көрші ауылдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, балалардың баруы мүмкін деген жерлерді түгел қарап шықты. Әсіресе, канал жағасына, ойын алаңдарына мұқият тексеру жүргізді.
Жан-жақты іздестіру жұмыстарының арқасында тәртіп сақшылары екі баланы 5-6 шақырым қашықтықта орналасқан Шәуілдір ауылындағы көпқабатты үйлердің ауласында ойнап жүрген жерінен тапты. Қазіргі таңда бүлдіршіндер аман-есен анасына тапсырылды.
Анықталғандай, ағайынды кішкентай балалар анасының соңынан ілесіп шыққан. Алайда жарты жолда анасын таба алмай, қайтар жолдан жаңылысып, көпқабатты үйлердің арасында адасып қалған.
– Ұлдарыммен аман-есен қауыштым. Дер кезінде көмек қолын созған полиция қызметкерлеріне алғысым шексіз. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер, – деп балалардың анасы өз ризашылығын білдірді.