Түркістандық тұрғынның малын жымқырған бақташы ұсталды
Түркістандық тұрғынның малын жымқырған бақташы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара АПБ-ға жергілікті тұрғын ұрлықтың құрбаны болғандығы жөнінде арызданып келген. Жәбірленуші азаматтың айтуынша, Шардара ауданына қарасты ауылдардың бірінде орналасқан мал қорасына белгісіз азамат ұрлыққа түскен. Осылайша, алты бас қойын, алабай тұқымды итін және ертоқымын ұрлап, жалпы 500 000 теңгеге жуық шығын келтірген. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Ақпарат алысымен Шардара АПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына жетті. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, куәгерлерден жауап алды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері мал ұрлығын жасаған күдіктінің ізіне шығып, бір тәулік ішінде оны ұстады. Ол бұрын сотты болған Бәйдібек ауданының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты күдікті азамат қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, күдікті жәбірленуші азаматтың осыдан 10 күн алдын бақташысы болып жұмыс жасаған. Содан соң жұмыстан шығып кетіп, өзінің танысына өтініш жасап, малдар мен асыл тұқымды итін және ертоқымды жымқырған. Ол оңай жолмен тапқан олжасын мал базарлардың біріне алып барып, қойлар мен күшікті және ертоқымды сатып жіберген. Осылайша, күдікті Бәйдібек ауданындағы көшелердің бірінен ұсталды.