Түркістанның бас полицейі жеке құрамның қызметін тексерді
Түркістанның бас полицейі жеке құрамның қызметін тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Түркістан облысының бас полицейі жұмыс күнін қаладағы полицейлердің қызметін тексерумен бастады. Жай ғана тексеру емес, ҚР Президенті тапсырмасы, оның ішінде сервистік полиция моделіне көшу бағытындағы жұмыстарды қадағалады.
Бірінші кезекте бас полицей Яссауи кесенесі маңында орналасқан стационарлық пунктерді аралады. Стационарлық пункттер жаңа үлгіде 24 сағат бойы сыртқы бейнекамераларымен бірге облыс аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық орындарда, көшелерде қылмыстың алдын алу бойынша қызмет атқаруда. Ол Түркістан облысының адамдар көп шоғырланатын жерлерінде орналастырылған. Ондағы полицейлер екі ауысыммен қызмет атқарады. Әрбір стационарлық бекетте қызметкерлер кезекшілікке түсіп, тәртіпті қадағалайды.
Аталмыш бекеттер заманауи техникамен, атап айтқанда портативті бейнетіркеуіштермен, радиостанциялармен және планшеттермен жабдықталған. Тағы бір ерекшелігі стационарлық бекеттердің сыртқы бейнебақылау камералары Жедел басқару орталығына қосылған. М.Қабденов қызметте тұрған учаскелік полицейлердің жұмысын бақылап, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда қызметті сапалы орындап, қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алуда жедел қимылдауды тапсырды. Одан әрі бас полицей сервистік полиция аясында іске асқан ұтымды жобалардың бірі SOS батырмаларын тексерді.
Егер сіз полиция тарапынан жәрдемді қажет етсеңіз, бірақ керек кезінде телефоныңыздың қуаты бітіп немесе бірлігіңіз болмаса, бірден осындай батырмаларды басып, болған жайт бойынша полицияға хабар бере аласыз. Бұдан бөлек, осы қызметті мобильдік қосымша арқылы да қолдануға болады. Яғни, батырма тақталарынан бөлек телефонға арналып жасалған арнайы қосымшалар да жетілдіріліп, тұрғындар арасында пайдаланылуда. Мәселен, жыл басынан бері Түркістан полициясына SOS батырмаларының мобильдік қосымшасы арқылы 487 хабарлама, 26 бейнеқоңырау, 32 аудио хабарлама мен 429 мәтіндік хабарлама келіп түскен.
Түркістан облысы Полиция департаментінде орналасқан Жедел басқару орталығының талдауы бойынша көбінесе SOS мобильдік қосымшасы арқылы азаматтар тарапынан қоғамдық орында темекі шегу жайттары туралы хабарланады. Аталған хабарламалардың барлығына полицейлер дер кезінде бағытталып, заңды шара қолданылған.
– Түркістан рухани астана. Мұнда кесенені тамашалап, саяхаттап келетіндер жылдан жылға артып келеді. Сондықтан бірінші кезекте біз қаламызды қауіпсіз етіп, жұмысты жоғары деңгейде атқаруымыз қажет. Басты міндет тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігі, – деді Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденов.