“Тұрмыс” ЖПІШ: ШҚО-да полиция 770-тен астам құқық бұзушылықты анықтады
ШҚО-да полиция 770-тен астам құқық бұзушылықты анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылдың 20-29 қаңтар аралығында Шығыс Қазақстан облысында отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастарға байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында республикалық “Тұрмыс” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген болатын.
Рейд барысында тәртіп сақшылары үш мыңға жуық азаматты тексерді. Нәтижесінде 778 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оның 166-сы отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы заң бұзушылықтарға қатысты.
Профилактикалық шаралар барысында отбасылық жанжалдарға бейім 185 азамат есепке алынған. Оларға қатысты жәбірленушілерге жақындауға және зорлық-зомбылық жасауға тыйым салатын қорғау ұйғарымдары шығарылды. Алайда 37 адам аталған шектеулерді бұзып, жауапкершілікке тартылды.
Соттың шешімімен алкогольдік ішімдік ішуге және отбасында зорлық-зомбылық жасауға тыйым салынған 81 заң бұзушыға қатысты “ерекше талаптар” қойылды. Алайда, бұл талаптарды да орындамаған 37 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
10 күндік жедел профилактикалық іс-шара барысында 240-тан астам әйел психологиялық көмек алу үшін дағдарыс орталықтарына жіберіліп, 11 жәбірленуші уақытша тұруға арналған баспанада орналастырылды.
Полицияға 30 жастағы әйел күйеуінің мас күйінде зорлық-зомбылық көрсеткені жайлы арызданған. Тәртіп сақшылары жәбірленушіні дағдарыс орталығына жіберіп, ал құқық бұзушыны сот белгілеген арнайы талаптарды орындамағаны үшін жауапкершілікке тартты. Қазіргі уақытта материалдар сотқа жолданып, заң бұзушыға 10 тәулікке қамау жазасы төніп тұр.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ЖПІШ өткізілген кезеңде 151 әйел көмек сұрап жүгінген.
Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін жасырмауға шақырады. Егер де сіз немесе сіздің жақындарыңыз отбасында агрессияға тап болсаңыздар, үнсіз қалмай көмекке жүгініңіздер. Зорлық-зомбылық туралы әрбір хабарлама маңызды, ал уақытылы қағылған дабылдың арқасында қайғылы жағдайды болдырмау мүмкіндігі әрқашан да жоғары.