Түзеу мекемесінде сотталған азаматтар жұмыспен қамтылды
Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында орналасқан ОВ-156/14 мекемесінде бөдене өсіру шаруашылығымен айналысатын кәсіпорын іске қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәсіпорында барлығы төрт сотталған азамат жұмыспен қамтылған. Онда инкубаторлық аппаратта бөдене балапанын шығару технологиясымен, бөдене өсіру, жұмыртқа алу жұмысы бүгінгі күні жемісін бере бастады.
Қазір күнделікті 100-120 жұмыртқа сатылымға жіберіліп отыр. Сонымен қатар келесі инкубаторлауға балғын жұмыртқалар іріктеу жұмыстары жүргізіледі. Инкубаторлық аппараттан шығарылған балапандарды өсіру үшін ғимарат ішінде +29градус жылу қамтамасыз етілген.
– Қыстың күні бөдененің жұмыртқалау мүмкіндігі аздығына қарамастан, қазір өнім жақсы. Күн жылынғанда бұл өнім 5-6 есеге көбейеді. Қазір бізде екі инкубатор машинасы жұмыс істеп тұр. Бір салынғанда екі инкубаторлық аппаратқа барлығы 150 дана бөдене жұмыртқасы салынып, оның балапан боп шығарылуы үшін 18-19 күнге 38,1 градустық температурадағы жылу мен жарығы жұмсақ инфрақызыл шам жағылады. Балапандар шыққан сәтте оны дереу алып, құрғақ, жұмсақ жерге орналастырып отыру қажет, сонда да балапандардың барлығы тірі болмауы мүмкін, – дейді кәсіпорында жұмыс істейтін сотталған азамат.
– Кішкене жұмыртқадан тіршілік иесі шыққанын көргенде өз еңбегіңнің ақталғанын сезінеді екенсің. Бұл ерекше көңіл бөлуді талап ететін зор еңбек. Күнделікті жұмысымда қатыгездік пен мейірімділіктің арасындағы көпірден жүз өтемін. Өмірімді өксіткен бір сәттік осалдығым мен қаза болған әріптесімнің бейнесі әлі де маза берер емес. Мекеме әкімшілігі тарапынан барлық тиісті тәрбие жұмыстарының атқарылып жатқанына алғысымды білдіремін, – дейді шаруашылықты басқарып отырған сотталған азамат.