Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тыныштықты бұзған мотоцикл жүргізушісі жауапқа тартылды

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері тыныштықты бұзғаны үшін алты мотоцикл жүргізушісін жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аптап ыстықтан қала тұрғындары түнде терезелерін ашып қояды, терезе сыртында шулаған көлік дыбысы ұйқы бермейді. Таңертең жұмысқа баратын адамдар, балалар мен қарттар зардап шегуде. Полицейлер әрбір сигналды ескеріп, патрульдік полиция экипаждары шақыртулар келіп түскен аудандарды тексереді. 5 тамыздан мотоцикл жүргізушілерімен Жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтау және мотокөлік құралдарын қауіпсіз басқару бойынша республикалық алдын алу түсіндіру жұмысы бастау алды. Рейдтер күні-түні жүргізіледі. Екі күннің ішінде Петропавлда екі доңғалақты көліктің бес иесіне айыппұл салынды. Бұл ретте түнгі уақытта адамдардың толыққанды демалуына тек мотоцикл жүргізушілері ғана кедергі келтірмейді. Н.Назарбаев және К. Сүтішев көшелерінің қиылысында Петропавл қ. 20 жастағы тұрғыны басқарған ВАЗ-2112 автомашинасы тоқтатылды, оған қатысты «Тыныштықты бұзу» Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жігіт көлігін жуырда сатып алғанын, жүріп көрген кезде шу басқыштың істен шыққанын айтты.

– Бұзушылықтардың басым бөлігі акция аясында облыс аудандарында анықталды, – деп түсіндірді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев. – Ауыл тұрғындары мотоциклдарды тіркемей, тиісті санаттың жүргізуші куәлігінсіз, ешбір құжатсыз тізгіндеп жатады. Мұндай 47 факті анықталды. Тағы 36 адам шлемсіз жүргендері үшін жауапқа тартылды. Бұзушылықтарды анықтау – полицейлердің рейд кезіндегі жалғыз мақсаты емес. Бұнымен қоса, жүргізушілермен профилактикалық әңгімелер жүргізіледі. Тәртіп сақшылары азаматтардың тыныштығын бұзуға жол бермеу және жол қозғалысы қатысушыларын ЖҚЕ сақтау қажеттігі туралы ескертеді.


Полицейлер екі тәулік ішінде облыс жолдарында 110 құқық бұзушылықты анықтады. Тыныштықты бұзғаны үшін алты мотоциклші жауапқа тартылды. Түнгі жолдарда құқықтық тәртіпті сақтау бойынша жұмыс ұдайы негізде жалғастырылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру