Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ТЖ режимін бұзған әйел ұсталды

Алматы облысында ТЖ режимін бұзған әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.


Әлеуметтік желі арқылы Алматы облысы Полиция департаментінің басшысына Талдықорған қаласының 37 жастағы тұрғынының төтенше жағдай режимін сақтамағаны туралы жасырын хабарлама келіп түсті.

«Әлі күнге дейін азаматтар қауіпсіздік шараларын қолданбай, тосқауыл-бекеттерден түрлі әрекеттермен заңсыз өтемін деп талпынып жатыр. Бұл тұрғын да дәл осындай адамдардың қатарында. Әйелдің тосқауыл-бекеттер арқылы Алматыдан Талдықорғанға өту әрекеттері сәтсіз аяқталғаннан кейін, оның жекеменшік такси қызметімен тосқауыл-бекеттерді айнала өту арқылы төтенше жағдай режимін бұза отырып Талдықорған қаласына келгендігі анықталды. Қазіргі уақытта тәртіп бұзушы ұсталып, 14 күндік карантинге орналастырылды»,-деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаменті басшысының орынбасары Болат Тенизбаев.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабының 1-тармағына сәйкес жасалған әкімшілік материал соттың қарауына жіберілді. Оны тасымалдаған такси жүргізушілерін анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданады.

«Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабына сәйкес, яғни төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттiк орган белгiлеген режимдi бұзғаны немесе талаптарды орындамағаны үшін, сондай-ақ жергілікті жер комендантының заңды бұйрықтары мен өкімдерін орындамағаны үшін, егер бұл әрекеттерде (әрекетсіздіктерде) қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса, ескерту немесе он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу не он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ төтенше жағдай жарияланған жерде ҚР ҚК 379-бабына сәйкес билік өкіліне бағынбаған азаматтарға екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар!»,-деп толықтырды Болат Тенизбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру