ТЖ тәртібін бұзған 40 адам қамауға алынды
Түркістан облысында тұрғындар тарапынан төтенше жағдайға байланысты енгізілген шектеулерді елемей, әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берілген 107 оқиға тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
40 азамат қамауға алынып, 59 азаматқа сот үкімімен айыппұл салынды.
Бір азамат білместік танытып, алғаш рет қателікке жол бергені үшін ескерту алумен шектелді. Қалған жеті азаматтың ісі сот қарауына берілді.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабына сәйкес, төтенше жағдай режимін бұзған азаматқа ескерту жасалынады немесе он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, болмаса он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынып жауапкершілікке тартылады.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысы бойынша аудан-қала территориясында 3 сәуір мен 17 сәуір аралығында шектеу шаралары енгізілген болатын. Тұрғындар үйден тек қана азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға немесе жұмысқа бару үшін шығуы керек. Облысаралық, ауданаралық, қалааралық жолаушылар тасымалы тоқтатылды. Сондай-ақ, жүк тасымалынан басқа теміржол байланысы мен автовокзалдар мен автобекеттер жұмысы да тоқтаған. Қоғамдық көліктер таңғы 6.00 мен 20.00 аралығында жүреді. Облыс аумағында «бетперделік режим» енгізілді.
Азық-түлік базарларының жұмыс режимі таңғы 10.00 мен кешкі 17.00 аралығын құраса, азық-түлік дүкендері мен дәріханалар 9.00-20.00 аралығында қызмет көрсетеді. Көпшілік тамақтанатын орындар келушілерді қабылдамай, тек үйге тапсырыс қабылдау арқылы сағат 8.00 мен 20.00 аралығында жұмыс істеп жатыр.
Жанар-жағармай құю бекеттері, екінші деңгейлі банк, жеке нотариустер 10.00 мен 16.00 аралығында қызмет көрсетсе, сән салоны, шеберхана, көлік жөндеу орындары сағат 10.00-18.00 режиміне көшкен.
Сонымен қатар, пошта, төлем жасау орындары мен банк секілді мекемелерде кезекке тұру бес адамнан аспай, арақашықтық 1,5-2 метрді құрауы қажет.