«Учаске» ЖААШ: Жарма ауданының тұрғыны заңсыз қару сақтаған
Заңсыз қару сақтаған Жарма ауданының тұрғыны анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ШҚО Полиция департаментінің қызметкерлері «Учаске» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ атыс қаруын заңсыз айналымнан алу бойынша тиісті іс-шаралар жүргізуде.
7 қазанда Жарма ауданының жедел уәкілдеріне жергілікті тұрғындардың бірі тіркелмеген қаруды өз үйінде заңсыз сақтағаны туралы ақпарат келіп түсті.
Ақпаратты тексеру барысында полиция қызметкерлері өз моншасында екі ұңғылы мылтықты заңсыз сақтаған Қарасу ауылының 54 жастағы тұрғынын анықтады, нәтижесінде қару тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған қару зауыттық тәсілмен дайындалған және атуға жарамды, ИЖ-56-3 «Белка», 5,6/28 мм калибрлі ойық тегіс ұңғылы атыс қаруы болып табылады.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған азаматта қару қайдан пайда болғаны анықталуда, тергеу нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.