Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Учаске” ЖПІШ: БҚО-да 109 мыңнан астам үй тексерілді

БҚО-да “Учаске” іс-шарасы аясында 109 мыңнан астам үй тексерілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысында 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында “Учаске” жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Оның басты мақсаты – халықпен тығыз байланыс орнатып, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ көші-қон, қару-жарақ және әкімшілік тәртіпті бақылауды күшейту.

Іс-шараға 700-ге жуық полиция қызметкерімен қатар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері де тартылды. Екі ай ішінде тәртіп сақшылары 109 мыңнан астам үй мен пәтерді, 11 мыңнан аса саяжайды, 2 мыңнан астам қыстақ пен шаруа қожалығын, сондай-ақ 4500-ге жуық азаматтық қару иесін тексерді.

Тексеру барысында 267 жалдамалы пәтер анықталып, олардың деректері салық органдарына жолданды. 1 900-ден астам тұрғынның тіркеусіз тұрып жатқаны белгілі болды. Сонымен қатар 35 үй иесі тіркеусіз адамдарды қоныстандырғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Қару сақтау және тіркеу тәртібін бұзудың 43 дерегі тіркеліп, заңсыз айналымнан 18 қару алынды.

Полиция қаңғыбас жүрген 150 адамды ұстады, олардың 20-сы қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Барлығы 13 мыңнан астам құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.

Пробация қызметімен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде жазасын өтеу тәртібін бұзудың 51 жағдайы анықталып, 29 іс сотқа жолданды. Сонымен бірге Орал қаласында есірткі жарнамасы жазылған бір граффити өшірілді.

Учаскелік полиция инспекторлары құқық бұзушылыққа жол ашатын себептерді жою үшін 100 ұсыныс енгізді. 

Полиция департаменті “Учаске” іс-шарасы өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын, бұл жұмыстардың барлығы “Заң мен тәртіп” қағидасы аясында жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру