Учаскелік полиция инспекторы өрттен ер адамды алып шықты
Қарағанды қаласында учаскелік полиция инспекторы өрттен адам өмірін құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12-сәуірде Қарағанды қалалық ПБ Жаңа-Майқұдық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Батихан Санике сағат 23.00 шамасында өзіне тиесілі аумақ, яғни Қарағанды қаласы Болотный көшесінде есепте тұрған азаматтарды тексеруді жүзеге асырған. Тиесілі мекен-жайға жеткен учаскелік полиция инспекторының алдынан сол аумақта тұратын азаматша жүгіріп шығып, көрші пәтерден түтін шығып, өрт болып жатқанын хабарлаған. Сол мезетте 27 жастағы азаматтың үйіне бара жатқан учаскелік инспектор көп ойланбастан түтін шыққан үйге бет алып, есігін қаққан.
«Үйге барғанымда есікті ешкім ашпады, өйткені түн жарымы болатын. Бірден өзге адамдардың өмірін сақтап қалу мақсатында үйдің есігін бұзып кірдім», – дейді учаскелік инспектор Батихан Санике.
Өрт шыққан үйдің есігін сындырып кірген полиция қызметкері бірден өрттің қай жерден шыққанын біле алмаған. Сондықтан өзінде болған бірнеше медициналық бетпердені тағып, қолындағы жарықшамын жағып, өрт шыққан бөлмеге кірген. Үйге кірсе, тоққа қосылып қалған электр плитасының үстіне шкаф сөресінің ағашы құлап, содан өрт шыққаны белгілі болды. Керуетте ес-түссіз жатқан 27 жастағы есепте тұрған адам анықталған.
Батихан Санике бірден азаматты сыртқа шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсеткеннен кейін, қою түтін шыққан пәтерге қайта кіріп, өрт сөндіру жұмыстарымен айналысқан.
Осылай, полиция қызметкерінің кәсіби шеберлігінің арқасында бірнеше пәтер өрттен аман қалса, бір адамның өмірі құтқарылды. Өзіне жүктелген міндетті адал орындаудың арқасында, өзгенің өмірін құтқарған полиция қызметкеріне азаматтар алғысын білдіріп, әлеуметтік желіге төмендегідей пікір қалдырғаннан кейін басшылық полиция капитаны Батихан Саникенің жасаған ерлік ісіне қанық болды. Өйткені жасаған ісін полицей елге жария еткісі келмеді.
«Өзіміздің учаскелік полиция инспекторымыз Батихан Санекеге алғысымызды білдіреміз, өткен жолы жанталас кезінде алғыс айтуға уақытымыз болмады. Біздің үйде ата-әжелер тұрады. Егер сол кездегі жағдайда ол біздің жанымыздан табылмаса, бүгін біздің не боларымыз белгісіз еді. Барлығымыздың атымыздан адамгершілік алғысымызды білдіреміз»,-деп әлеуметтік желіде тұрғындар алғыс білдірді.