Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Карантин кезінде мекеме алдында жиналған тұрғындарға ескерту жасалды

Қызылорда қаласы Желтоқсан көшесінің бойында орналасқан “Нұр Отан” партиясы Қызылорда облыстық филиалының алдында 15-20 – ға жуық адам карантин режимін сақтамай жиналды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, карантиндік режим шеңберінде жарияланған шектеулерді еліміздің әрбір азаматы орындауға міндетті.


Төтенше жағдай жарияланғаннан бері Қызылорда облысында карантиндік режим талаптарын сақтамаған 421 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Талаптар күшейтілген уақытта сақтық шаралары арттырылды. Мемлекеттік органдар тарапынан түсіндірме жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. Өкінішке орай, қойылған талаптарды сақтамай, тәртіпке бағынбайтын тұрғындар әлі де бар.


Мәселен, 13 сәуір күні Қызылорда қаласы Желтоқсан көшесінің бойында орналасқан “Нұр Отан” партиясы Қызылорда облыстық филиалының алдында 15-20 – ға жуық адамның жиналғандығы жөнінде хабарлама түседі.


Хабарлама бойынша дереу тексеру жүргізген полицейлер “Нұр Отан” партиясы филиалының алдында Қызылорда қаласының 30 тұрғыны республика көлемінде жарияланған Төтенше жағдайға байланысты 42 500 теңге әлеуметтік көмек көрсетілетін тізімде бар-жоқтығын білуге келгендерін анықтады.


Сол жерде жергілікті атқарушы орган өкілдері, прокуратура қызметкерлерімен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жасалған ескертулерден кейін жиналған тұрғындар тарады.
Алайда, жиналған адамдардың арасында қала тұрғыны 27 жастағы әйел адам карантин аясындағы талаптарды сақтамай, ескертулерге мүлдем құлақ аспаған. Құқық бұзушы Қызылорда қалалық Полиция басқармасына жеткізіліп, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабының 6-бөлігімен әкімшілік хатттама рәсімделіп, қалалық мамандандырылған әкімшілік сотымен 10 АЕК (27 780 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.


Бұл ретте департамент басшысының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов облыс тұрғындарын құқық қорғау органдарының іс-әрекеттеріне түсіністікпен қарауды және төтенше жағдай кезінде азаматтардың қауіпсіздігі мен тәртібін қамтамасыз етуге байланысты қажетті шектеулерге назар аударуларын сұрады.

 

“Төтенше жағдай талаптары күшейтілген уақытта сақтық шаралары арттырылды. Мемлекеттік органдар тарапынан түсіндірме жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. Барлық қажетті ақпаратты тиісті органдардың жедел желілері, интернет парақшалары , сондай – ақ әлеуметтік желілер арқылы онлайн форматта алуларыңызға жағдай жасалған. Бұл талаптарға түсіністікпен қарап, өз тараптарыңыздан азаматтық жауапкершілік танытуларыңызды сұраймын”,- деп атап өтті Шамшидин Амитов.


Бүгінгі таңда қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің жеке құрамы ерекше режимде қызмет атқарып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру