Үй малын ұрлау жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде
Түркістан облысында учаскелік инспекторлар бұқа ұрлаған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторларына жергілікті тұрғын жайылымнан құны 250 мың теңге болатын бұқасының жоғалып кеткені туралы арызданған. Жоғалған малын өзі іздеп таба алмағаннан кейін полицияға хабарласып, көмек сұраған.
Тәртіп сақшылары бірден оқиға орнына шығып, жақын маңдағы барлық жайылымдарды мұқият аралап, ауылдастардан жауап алады. Соның нәтижесінде куәгерлердің бірі белгісіз біреулер автокөлікке малды тиеп, алып кеткенін айтады. Полицейлер шұғыл әрекет етіп, малымен қоса екі ер адамды алып кеткен «Ауди» жүргізушісін анықтады. Жетісай АПБ-нің полиция қызметкерлері жедел -іздестіру іс-шаралар нәтижесінде аталған ақпарат көздері арқылы бұқаның ұрлануына қатысы бар екі күдіктіні ұстады. Олар жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында мал ұрылары жайылымнан бұқаны ұрлап кеткені анықталды, содан кейін көрші ауылдың тұрғынын ұрланған малды оқшаулау жерге апаруға жалдағаны белгілі болды. Күдіктілер ұрланған малды сатып, ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсауды жоспарлаған. Ер адамдар бұл әрекетін толық мойындады. Үй малын ұрлау жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ұрылар кепілдікке шығарылды. Қазіргі уақытта күдіктілердің басқа да өзгенің мүлкін ұрлау қылмысына қатысы бар-жоғы анықталуда.
Жетісай ауданының тұрғыны мал ұрыларын жедел ұстап, ұрланған бұқаны қайтарған учаскелік инспекторлар мен Жетісай АПБ полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және малдарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ, мүмкіндігінше, малдарға ен-таңба салдырту керек, ал қора-жайларға сенімді тосқауылдар және жақсы құлыптар орнатылу қажет. Мал ұрланған немесе жоғалған жағдайда, өз бетінше іздеуге уақыт жоғалтпай, дереу полицияға «102» телефоны бойынша хабарласыңыздар.