Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Үйде де, түзде де бірге

Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде отбасылық жұп – Асан және Альбина Қазесовтар қызмет атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызметте де, өмірде де қол ұстасып қатар жүрген жұптар бар. Әсіресе, ерлі-зайыптылардың құқық қорғау органдарында бірге қызмет атқаруы үлкен шыдамдылықты, төзімді, күш-қайрат пен жігерді талап етеді. Солтүстікқазақстандық Полиция департаментінде отыздан астам отбасылық жұп қызмет атқарады екен. Қызмет пен үйдегі жұмысты бірге алып жүрген жас отбасылардың бірі – Асан және Альбина Қазесовтар шаңырағы. Екеуі де еліміздің басына қауіп төніп, карантин жарияланғанда қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосып, тәулік бойы кезекшілікте жүрді.

Асан Қазесовтың құқық қорғау органдарында қызмет атқарып жүрген алыс туыстары болғанымен, ата-анасы мен бауырлары – басқа саланың мамандары. Соған қарамастан, полицей болуды ұйғарған. Ал жары Альбина полицейлер әулетінде тәрбиеленген, сондықтан тәртіп сақшысы болуды бала күнінен армандапты.

– Менің бұл саланы таңдауыма анамның әсері көп болды. Ол ұзақ жылдар бойы Петропавл қалалық полиция басқармасында тергеуші болып қызмет етті. Жездем – басқарма бастығының орынбасары қызметінен зейнет демалысына шыққан подполковник. Құқық қорғау органдарында жұмыс істеп жүрген ағаларым да бар. Ең бастысы, кезінде полиция қатарында қызмет етіп, өңірімізде қоғамдық тәртіпті сақтауға үлесін қосқан атамды үлгі тұттым, – деп Альбина Қазесова бұл жолды таңдауға себеп болған жайттарды есіне алды.

Асан Қазесов Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде білім алса, жары Альбина М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жанындағы колледжді аяқтаған. Оқуын жалғастырып, жоғары білім алуды көздеген Альбина қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тұран» университетінде оқып жүр. Ол қолына дипломын алғаннан кейін, Асан да жоғары білім алуға ниеттеніп отыр. Осылайша, ерлі-зайыпты білімдерін жетілдіруді де алдарына мақсат етіп қойған.

Ерлі-зайыптыларды табыстырған, шаңырақ құруына себепші болған да қызметтері десек, артық айтқандық емес. Себебі, олар жұмыс барысында көп уақыттарын бірге өткізе жүріп үйлену туралы шешім қабылдаған. Әдетте, қызметте де, отбасында да қатар жүріп, барлық уақытын бірге өткізу ыңғайсыздық тудырып жататынын айтатындар көп. Бірақ бұл Асан мен Альбина үшін ешқандай кедергі болған емес, керісінше, үнемі қатар болу жұмыстарын жақсы атқарып, шаңырақта да шаттықты, береке-бірлікті сақтауға көмек деп ойлайды.

– Кейде қызмет барысында жарты күнге болсын басқа жерлерге барып, көріспейтін кездер болады. Сол кезде бір-бірімізді іздеп, көруге асығып тұрамыз. Сондықтан демалыстарымызды да бірге өткізуге тырысамыз, – дейді Асан.

Соңғы кезде нәзікжанды полицейді көрсек, таңданбайтын болдық. Оған алдыңғы толқынның да, жастардың да көзі үйреніп кетті. Тіпті, уақыт өткен сайын елімізде тәртіп сақшысы мамандығын меңгерген қыз-келіншектердің қатары көбейіп келе жатқаны аңғарылады. Әйел адам үшін полиция қызметкері болу оңай іс емес, әрине. Өйткені, полиция қызметі батылдықты, өжеттілікті, қайсарлық пен табандылықты, іскерлік пен білімділікті талап ететін ауыр сала екені кімге болса да мәлім. Дегенмен, осы қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада қызмет пен отбасын бірдей алып келе жатқан Альбинаның еңбегі қандай мақтауға да лайық.

– Мен өзімді басқа қызметте елестете де алмаймын. Мінезім де осы салаға лайық деп ойлаймын. Шаршайтын кездерім де болады, әрине. Бірақ көп жағдайда жұмысымнан күш-қуат аламын, – деген ол бұл саланы таңдағанына ешқашан өкінбейтінін үлкен сеніммен жеткізді.

Әлемді дүрліктірген қауіпті дертке қатысты жарияланған карантин кезінде ерлі-зайыпты күшейтілген режімде жұмыс істеді. Күн сайын қоғамдық тәртіпті күзетумен болды. Асан Қазесов тәулік бойына блок-бекетте кезекшілік атқарды. Күн сайын жүздеген жүргізушінің құжаттарын тексерген ол қиын сәтте қызметіне адал болу үшін өзінің, жақындарының денсаулығын қатерге тігуден де тайсалмады. Бірақ тәртіп сақшыларының да қауіпсіздігі, денсаулығына ерекше назар аударылып, барлық мүмкіндік жасалып, дерттен қорғану үшін арнайы киімдер таратылғанын айта кеткен жөн.

– Кезекшілік аяқталған соң киімдерімізді жұмыста тастап, дезинфекциялау үшін арнайы ерітіндіге салып отырдық. Осылайша, келесі күні таңертең қайта киюге дайын тұрды. Жұмыс барысында пайдалану үшін арнайы қолғаптар мен бетпердемен де қамтылдық. Күшейтілген режімде қауіпсіздік шараларына өзіміз де баса мән бердік. Өйткені, өзіміз ғана емес, жақындарымыздың, отбасының, зайыбымыз бен балаларымыздың денсаулығын да ойлауға міндеттіміз, – деді Асан Қазесов.

Ерлі-зайыптылар қызметте қатал болғанымен, отбасында мейірімді. Бос уақыттары бола қалса балаларымен бірге өткізуге тырысады. Футболды жақсы көретін Асан ұлы Исламмен доп тепкенді, табиғат аясына шығып, саябақта қыдырғанды ұнатады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру