Үйден алтын ұрлаған күдікті ұсталды
Түркістан облысы полицейлері тұрғынның үйінен алтын бұйымдарын ұрлаған үй ұрысын ұстады,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын, әйел арызданып, күндізгі уақытта оның үйіне белгісіз тұлғалар кіріп, 350 мың теңге тұратын алтын бұйымдарын ұрлап кеткені жөнінде хабарлама түсірген.
Аталған жайт ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Ұрлықты ашу мақсатында полиция бөлімінде жедел-тергеу тобы құрылып, полицейлер тез арада күдіктіні ұстауға кірісті. Тәртіп сақшылары қылмыс орнындағы іздерді мұқият тексеріп, куәгерлерден жауап алып, жақын маңдағы аумақтарды аралап, басқа да қажетті барлық шараларды жүзеге асырды.
Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, полиция қызметкерлері күдікті ретінде жергілікті тұрғынды құрықтады. Тергеу барысында анықталғандай, жас жігіт үй иесінің жоқтығын пайдаланып, жәбірленушінің үйіне терезе арқылы кіріп, жатын бөлмедегі шкафтан құнды заттарды ұрлап кеткен. Содан, үй ұрысы ұрланған алтынды Шымкент қаласындағы ломбардтардың біріне өткізеді, ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Тәртіп сақшылары Түркістан облысының тұрғындарын қырағы болуға және өз үйлерін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Үйлердің терезелерін темір торлармен бекітіп, есіктерге сенімді құлыптар қойып, сондай-ақ тұрғын үйлерге күзет дабылқаққышын орнату қажет. Пәтер ұрлығы болған жағдайда шұғыл «102» телефоны арқылы полицияға хабарласу керек, бұл хабарламаңыз полиция қызметкерлеріне ұрлықтың ізін суытпай ашуға көмектеседі.