Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Еңбегі ерен-тергеуші

8-наурыз Халықаралық Әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz сайт редакциясы  оқырмандарды құқық қорғау органдары саласында жұмыс істейтін табысты әйелдермен таныстырады.

Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Әр істің артында адам тұр десек, осынау мейлінше ауыр жұмысты арқалаған тергеушінің әр сағатының өзі сан түрлі оқиғамен өріліп, оған қаншама күш-қайрат жұмсалатынын елеп-ескеру қиын емес.

Тергеу органдарында негізінен өз тағдырын қиыншылығы мен қызығы мол, ауыр мәртебелі мамандықпен байланыстыруды жастайынан мақсат тұтқан қызметкерлер жұмыс істейді. Осындай жүкті абыройды арқалап жүрген маманның бірі- Қарағанды қаласының ПБ Орталық полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің тергеушісі полиция капитаны Мархаббат Шокееваның қызметке келуіне бірнеше себептер де болды.

Менің әкем Аманжол Шокеев құқық қорғау органында 27 жыл еңбек еткен болатын. Бала кезімнен халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарып, ел тыныштығын ойлап, тыңғылықты қызмет еткен әкеме қарап, қызығушылық танытып, менде халыққа қызмет етіп, парызымды өтеуім қажет екенін түсінген болатынмын. Сол арманыма қол жеткізгенімді мақсатыма жеттім деп санаймын. 2008 жылдан бастап полиция қызметкері болып қызмет атқарып келемін,-дейді Мархаббат.

Мархаббат Шокеева құқық қорғау органдары саласында бірталай уақыттан бері қызмет атқаруда.

Басты міндет-қылмыстың алдын алу. Полиция қызметкерлерінің ұстанымы-уақыт қанша қысып тұрса да, ат үсті шешім шығармау. Оның әр шешімінің артында адам тағдыры тұр.

«Тергеуші тиянақты жұмыс жүргізгенде, әрбір істі терең зерттегенде ғана мақсатына жетіп, істің соңғы нүктесін қояды»,-дейді маманымыз.

Қылмыстық істі ашуда тергеуші тиімді жолдарды таңдайды. Жедел-іздестіру және басқа да тиісті орындармен тығыз байланыс орнату арқылы істің ақ-қарасын ажыратады. Отанын сүйген адам ғана ел мүддесін бәрінен биік қоятыны баршамызға белгілі. Ендеше осындай Отансүйгіш азаматтар мен азаматшаларымыз көбейе берсін деп тілейміз. Ұжымның еңбектеріне жеміс тілейміз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру