Ұйғыр ауданының полицейлері іздеуде жүрген адамды құрықтады
Ұйғыр ауданының полицейлері жазадан жалтарып, бой тасалап жүрген қылмыскерді құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сот шешімімен 2020 жылдың қазан айында Ұйғыр ауданының 42 жастағы тұрғынына іздеу жарияланған. Оның мекенжайын анықтау және қамауға алу бойынша жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында қаскүнем ұсталып, Ұйғыр ауданының ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Бөтен біреуге қасақана ауыр дене жарақатын салғаны үшін 2018 жылы сот органдары 1979 жылы туған азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-тармағына сәйкес үш жылға бас бостандығынан айыру түрінде шешім шығарған. Жазасын өтеу кезіндегі жақсы тәртібі үшін былтыр оның жазасының өтелмеген бөлігі жазасын шартты түрде өтеуге ауыстырылып, мерзімінен бұрын босатылған. Дегенмен пробациялық бақылаудан жалтарған ол бой тасалап, қашып кеткен.
Ұйғыр ауданының тәртіп сақшылары іздеу жарияланған азаматты табу мақсатында арнайы шаралар жүргізіп, оны Алакөл ауданының аумағында құрықтады. Оның осы уақытқа дейін тұрақты жұмысқа кірмей, полицейлерден бой тасалап, әртүрлі жұмыстаға жегіліп, күнелткені белгілі болды.
Ұсталған адам қамауға алынды. Сот шешімімен ол жазасының қалған мерзімін темір тордың арғы жағында өткізуі мүмкін.