Үйсіз-күйсіз жүрген адамдар қостанайлықты тонап кетті
Үйсіз-күйсіз жүрген адамдар қостанайлықты тонап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай қаласы ПБ Солтүстік полиция бөліміне 40 жастағы жергілікті тұрғын жүгінді. Түнгі уақытта облыс орталығы көшелерінің бірінде белгісіз тұлғалар оған дене жарақатын салып, ұялы телефонын ашық түрде ұрлап кеткен. 6 қыркүйек күні сағат 22:00 шамасында Қобыланды батыр даңғылындағы үйдің жанында жәбірленуші мен оның жолдасына екі адам күш көрсеткен.
– Жәбірленуші қасындағы ер адамға шабуыл жасалған кезде, ол біреу-міреуді көмекке шақыруға жүгіргенін, қайтып келген кезде қаскүнем өзіне бас салғанын айтты. Шабуылдаушымен бірге болған әйел жәбірленушінің ұялы телефоны мен аяқ киімін алып, оқиға орнынан қашып кеткен, – деп түсіндірді Қостанай қалалық ПБ Солтүстік бөлімінің бастығы Ербол Қарымсақов.
Жедел-іздестіру шаралары барысында жол патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күдіктілерді «ізін суытпай» ұстады. Олар белгілі бір тұрғылықты жері жоқ 40 жастағы ер адам және 32 жастағы әйел екені анықталды.
Аталған факт ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлігі бойынша тіркелді. Ұрланған заттар тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Жәбірленуші полицейлерге жеделдігі үшін алғыс айтып, қызметте табыс тіледі.