Ұландықтар әлемдік жарыста ел мерейін үстем етті
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері дене шынықтыру дайындығы мен жауынгерлік рухтың тек қызметте ғана емес, сонымен қатар үлкен спортта да жоғары жетістіктердің кепілі екенін тағы да дәлелдеді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстандық семсерші, дене шынықтыру және спорт бойынша аға маман ефрейтор Руслан Құрбанов Боготада (Колумбия) өткен қылышпен семсерлесуден беделді Гран-придің күміс жүлдесін иеленді.
Жартылай финалдық жекпе-жекте Руслан Құрбанов Өзбекстан елінің өкілі Вадим Анохинді 15:14 есебімен жеңіп, жекпе-жектегі шеберлігін көрсетті. Ақтық сында ол жапондық Акира Коматамен кездесіп, 10:15 есебімен жеңілді. Десе де, жоғары көрсеткіштері арқылы тұғырлы екінші орынға тұрақтады. Қола жүлдені Вадим Анохин мен француз Луиджи Мидельтон өзара бөлісті.
Дене шынықтыру бойынша аға маман ефрейтор Ерлік Сертай да кәсіби қабілетін танытып, Гран-придің ең мықты он спортшысының қатарына енді. Дода нәтижесінде ол сегізінші орыннан көрінді.
Ұландықтардың халықаралық аренадағы жетістіктері — Ұлттық ұлан қатарында спортты дамытуға бағытталған қажырлы жаттығулардың, нұсқаушылардың кәсібилігінің және жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Осы деңгейдегі жарыстарға қатысу жауынгерлік рухты нығайтады, сондай-ақ әскери қызметтің беделін арттырады және жас ұрпақты Отан қорғау ісін таңдауға шабыттандырады.
Ұландықтар Қазақстанды тек сапта ғана емес, сонымен қатар спорттық аренада да сенімді қорғап, ел намысы мен құқықтық тәртіп әскерлерін лайықты таныстырып келеді.