Ұландықтар өртті сөндіруге көмектесті
Талдықорғанда ұландықтар өртенген үйден екі газ баллон мен ауа жетпей қысылған адамды алып шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өрт 28 сәуірде сағат кешкі 20.10-да Талдықорғанда орын алды. Қала көшелерін патрульдеп жүрген Ұлттық ұлан 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшілері шағын аудандардың бірінен өртенген үйді байқайды.
Ұландықтар бұл туралы дереу әскери жасақтар бойынша кезекшіге баяндайды, содан кейін оқиға туралы өрт сөндіруші бригадаға хабарлап, өрт орнына жол тартады. Жағдайды бағамдаған патрульді топ қызметін бақылаушы лейтенант Абай Дәулеткелдинов көмекке жақын жердегі үш әскери жасақты шақырады. Әскери қызметкерлер бірлесе аталған үйдің иесіне өрт сөндірушілер келгенше тілсіз жауды ауыздықтауға көмектеседі.
Өртке ораған ғимараттың ішіне кірген ұландық Абай Дәулеткелдинов үйде ауа жетпей тұншығып жатқан адамды байқайды да, оны сыртқа шығарады. Содан кейі оған алғашқы медициналық көмек көрсетеді.
– Біздің әскери қызметшілердің көмегімен үй қоршауға алынды және ішінен екі газ баллон шығарылды. Өрт тез арада үйді шарпыды, алғашында монша өртенген еді. Баспана ішінде мен үй иесінің баласын байқадым, ол түтінге тұншығып жатыр екен. Оны біз сыртқа шығардық, әрі үйдің сыртына шыққан тілсіз жауды өз күшімізбен сөндірдік. Араға жеті минут өткенде өрт сөндірушілер келіп, өрт ошағын толығымен сөндірді, – деді полицей Абай Дәулеткелдинов.