Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Павлодардағы әскери бөлімдерді тексерді
ҚР ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков Павлодарға жұмыс сапарымен барып, 6679 және 5512 әскери бөлімдерінің қызметімен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сапар барысында Бас қолбасшы әскери бөлімдердің аумақтарын аралап, инфрақұрылымның жай-күйін және бөлімшелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуын тексерді.
Жеке құрамның қызмет ету және тұрмыс жағдайларына ерекше назар аударылды. А.Балтабеков тамақтануды ұйымдастырумен танысып, сарбаздар асханасынан дәм татты, сондай-ақ киіммен қамтамасыз етудің жай-күйін және тыл бөлімшелерінің жұмысын бағалады.
Бас қолбасшы сонымен қатар бюджет қаражатын ұтымды пайдалану қажеттігіне назар аударды. Бөлінген қаржы материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жақсартуға және әскери қызмет өткеру үшін тиісті жағдайлар жасауға бағытталуы тиіс екенін қатаң ескертті.

Бас қолбасшы сапар аясында жеке құраммен кездесу өткізді. Әскери қызметшілер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап ала алды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша әскери инфрақұрылымды жаңғырту, материалдық-техникалық базаны нығайту және бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін арттыру жөніндегі кешенді шаралар талқыланды.

Ұлттық ұлан қолбасшылығы әскери қызметшілерге қызмет өткеру және күнделікті өмір үшін заманауи жағдайлар жасау – құқықтық тәртіп әскерін дамытудың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
