Ұлттық ұлан Ұлы Жеңістің 80 жылдығын патриоттық акциямен атап өтті
Ұлттық ұлан Ұлы Жеңістің 80 жылдығын патриоттық акциямен атап өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мерейлі Жеңіс күнінің 80 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы Астана қаласында ел ерекше ықыласпен қабылдаған патриоттық акция ұйымдастырды. Шара барысында өнер мен әскери дәстүр үндестік тауып, жауынгерлер ерлік рухын сахналық композиция арқылы паш етті.
Мерекелік іс-шараға 80 әскери қызметші қатысып, Жеңістің 80 жылдығына орай "80" санын саптық тәртіппен бейнеледі. Ұлттық ұлан Құрмет қарауыл ротасының жауынгерлері әскери марш ырғағымен алаңда жұлдыз пішінін жасап, кейін оны “80” санына шеберлікпен өзгертіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ерекше қойылым Үлгілік-көрсетімді оркестрдің сүйемелдеуімен және Ерлер хорының “Жеңіс күні” әнін жанды дауыста орындауымен өрнектеліп, салтанатты шараның әсерлілігін арттыра түсті. Ұлттық ұланның шығармашылық ұжымының өнері сымбатты да сап түзеген сарбаздардың Жеңіс мерекесіне арнаған тартуына рух пен отансүйгіштік лебін қосты.
— Біз бейбіт өмір сыйлаған батыр бабаларымыз бен ардагерлерімізге тағзым етеміз. Олардың жаужүрек ерлігі – жүрегімізде мәңгілік сақталатын асыл мұра. Біз үшін елге қызмет ету – тек әскери міндет емес, бұл – Отан қорғаушылардың даңқты дәстүрін жалғастыру, — деді акцияға қатысушылар.
Бұл патриоттық акция — Ұлы Жеңіс пен ұрпақтар сабақтастығының, әскери антқа адалдық пен ұлттық құндылықтарға құрметтің жарқын көрінісі. ҚР ІІМ Ұлттық ұланы болашақ ұрпақты батырлар ерлігімен тәрбиелеуді әрі қарай да жалғастыра бермек.