Ұлттық ұланның курсант қыздары әскери дәрігер мамандығын таңдады
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан академиясында 30-дан астам курсант салтанатты түрде әскери ант қабылдады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Олар – Ресей Федерациясы мен Түркия Республикасының әскери оқу орындарына халықаралық келісімдер аясында конкурс негізінде іріктеліп қабылданған болашақ офицерлер.
Биылғы рәсімде ерекше көзге түскен екі ару – әскери-медициналық бағытты таңдаған курсант қыздар болды. Олар құқықтық тәртіп әскерінің төртінші легі ретінде шетелде білім алуға аттанып отыр. Санкт-Петербург қаласындағы көпжылдық оқу олардың әскери дәрігер ретіндегі кәсіби жолының бастамасы болмақ. Бұл таңдау – қыздарымыздың да ер азаматтармен тең дәрежеде жауапты да мәртебелі қызметтерді адал атқаруға дайын екендігінің айғағы.
Салтанатты рәсімде академия бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Ерден Балғымбаев бірінші курс курсанттарын құттықтап, бұл сәттің маңыздылығына тоқталды.
– Ант қабылдау арқылы сіздер Ұлттық ұланның толыққанды жауынгерлік құрамына ендіңіздер. Қазақстан атынан шет мемлекеттерде білім алу – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Сіздердің тәртібіңіз бен білімге деген ынталарыңыз арқылы өзге елдерде еліміздің абыройы қалыптасады, – деді ол.
Сонымен қатар Петропавл қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Тәтваев жас курсанттарға ізгі тілегін арнап, әскери анттың рухани мәніне назар аударды.
– Әскери ант – өмір бойы адамгершілік пен абырой жолынан айнымай, елге адал қызмет етуге шақыратын қасиетті серт. Бұл антты курсанттық кезеңде де, офицер шенін алғаннан кейін де берік ұстану – әр сарбаздың азаматтық борышы. Офицер болу – арман ғана емес, үлкен жауапкершілік пен ерлікке негізделген абзал міндет, – деді ол.
Жас курсанттар атынан сөз сөйлеген Азамат Тұрсынханов көрсетілген сенім үшін алғыс білдіріп, шетелдік оқу орындарында Қазақстанның беделін биіктететінін жеткізді.
Осылайша ант қабылдау рәсімі болашақ офицерлер үшін жауапты да күрделі жолдың бастамасы болды. Бұл күн – олар үшін тек ресми шара емес, Отанға адал қызмет етудің алғашқы қадамы, азаматтық ұстаным мен ерлікке толы жолдың бастауы ретінде есте қалмақ.