Ұлытау облысында бақшасына есірткі өсірген тұрғын анықталды
Ұлытау облысында бақшасына есірткі өсірген тұрғын анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлытау облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз егіп-өсіру фактісін анықтады.
21 шілдеде “Қарасора – 2023” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өз үйінің бақшасына есірткі заттарын заңсыз егіп-өсірген Ұлытау ауданы Жезді кентінің 47 жастағы тұрғынын анықтады.
Тексеру кезінде үйдің бақшасында 168 бұта каннабис өсімдігі тәркіленді. Үйдің ішінен ерекше иісі бар өсімдік тектес жасыл түсті заттар оралған бес газет қиындысы табылды. Сонымен қатар тінту барысында екі есірткі шегуге арналған құрал және 12 калибрлі мылтықтың алты оғы табылды.
Сараптама тағайындалып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-бөлігімен тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.