Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандылық полицейлер лагерьде демалушы балалармен кездесті

Қарағанды облыстық полиция департаменті басшылығының ұсынысымен Қарқаралы ауданындағы “Романтик” жазғы сауықтыру лагерінде демалысын өткізіп жатқан балаларға тәртіп сақшыларының жұмысы таныстырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған іс-шара жасөспірімдерді құқыққа қайшы әрекеттерден аулақ болуға шақыру және бойларына патриоттық сезімді ұялату мақсатында өткізілді.

– Балалар – біздің болашағымыз. Жастар әділетті Қазақстанның болашағын құруда басты роль атқарады. Мен сіздердің адал әрі абыройлы азамат болып өсетіндеріңізге сенемін, – деді департамент бастығы Санжар Әділов.

Шара барысында жазғы демалысын өткізуге келген балаларға жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері қоян-қолтық ұрыс бойынша көрнекі жаттығуларын көрсетіп, күдіктілерді ұстау барысында қолданатын әдістерімен бөлісті.

Беттеріне бетперде таққан тәртіп сақшыларының спорттық дайындығына балалар қызыға қарады.

Сондай-ақ жасөспірімдердің назарына полиция жұмысында қолданылатын қару-жарақтар ұсынылды. Балалар тек кино мен телехикаядан көретін дүниелерін қолдарымен ұстап, жақыннан тамашалады. Араларында департамент бастығына өздері білетін қару-жарақ туралы айтып, сыйлық алғандары да бар.

Түс ауа балаларға облыстық полиция департаментінің арнайы даярлық және жұмылдыру басқармасының қызметкерлері спорттық сайыс өткізді. Балалар екі топқа бөлініп, эстафеталық жарыс, арқан тарту бойынша өзара бақ сынасты.

Сонымен қатар лагерь демалушыларына орман ішінде қауіпсіздік шараларын сақтау, адасып кеткен жағдайда өздерін қалай ұстау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Танымдық іс-шара соңында тәртіп сақшылары мен демалыс орнының тәрбиешілері балалардың құрметіне алау от жағып, спорт сайыстарының қорытындысы бойынша бірқатар белсенді баланы марапаттады.

– Бүгін біздің лагерьге полиция қызметкерлері келді. Бізге олар қару-жарақтарын көрсетті. Маған футбол қатты ұнады. Мен өскенде полиция қызметкері боламын, – деді Нұрхан Сайлауов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру