Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытау облысында ерлікпен қаза тапқан Айбат Амановты еске алуға арналған турнир аяқталды

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында Ұлттық ұланның батыры, республикалық жарыстардың чемпионы марқұм Айбат Амановтың құрметіне ұйымдастырылған бокстан үш күндік турнир өз мәресіне жетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Турнирдің жабылу  салтанатына марқұмның ата-анасы мен туыстары, батыр сарбаздың өзі қызмет атқарған Ұлттық ұланның “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының 5514 әскери бөлімі, сондай-ақ Жаңаарқа ауданы әкімдігінің ардагерлері мен өкілдері қатысты.

Ұлытау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткен спорт додасында жүздеген жасөспірім бақ сынады. Жаңаарқа, Шет ауданы, Ақадыр кентінен келген боксшылар өзара мықтыны анықтады. Сарапшылар да спорттық шараның жоғары деңгейде өткенін бірауыздан айтты.

– Кезінде Айбат екеуміз бокспен бірге айналыстық. Ол өте жігерлі бала болатын. Бүгінгі турнирге келген балалардың бойынан мен Айбатқа тән жалынды, рухты көрдім. Жеңіске жетуге деген ұмтылыстары жоғары болды. Сол себепті турнир әділдік принциптеріне сай өтті деп есептеймін. Аталмыш біріншілік балаларға жақсы көңіл-күй сыйлады. Оларға үлкен тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Әлбетте, осы турнир келесі жылы да өз жалғасын табуы керек, – дейді Бас төреші Дарын Дүйсенбаев.

Турнирде бес салмақ санаты бойынша 60-тан аса медаль жиынтығы ойнатылды. 200-ге жуық жас спортшы қатысты. Батырдың ата-анасы дайындаған арнайы сыйлықтар да болды. Оны 43 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған жаңаарқалық Қабылда Мәнсүр ұтып алды.

– Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан басшылығына үлкен алғысымызды білдіреміз. Бұл турнир жылдан жылға жалғасып, республикалық деңгейге дейін жететініне кәміл сенемін, – деді батырдың анасы Гүлназ Әлкенқызы.

Біріншілік соңында шара ұйымдастырушыларына Ұлттық ұлан “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Талапкер Әмриевтің атынан алғыс хат табысталса, жеңімпаздарға арнайы грамоталар мен медальдар салтанатты жағдайда табыс етілді.

Айта кетейік, С.Сейфуллин атындағы Жаңаарқа тарихи-өлкетану мұражайында Айбат Амановтың киімдері мен жеке заттары бар көрме ұйымдастырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру